Оралда Сара Назарбаеваның мерейтойына орай шаралар ұйымдастырылды
Облыстық балалар құқығын қорғау департаменті бастығының орынбасары Римма Көбейсінованың айтуынша, Сара Алпысқызы «Бөбек» қорының президенті ретінде Қазақстан балаларының қамқорлықсыз қалмауына айрықша үлесін қосты. Мұндай қамқорлық нәтижесі Батыс Қазақстан облысынан да айқын көрінеді. Мәселен, 2003 жылы Оралда отбасылық үлгідегі балалар ауылы ашылып, оған Сара Алпысқызы қатысты. Балалар үйлерінің мәселелері үнемі шешіліп келеді. Соңғы екі жылда балалар үйлерінің 100 түлегі арман болған баспанаға қол жеткізді. «Мейірім» бөбектер үйі жанында «Үміт» тобы өз сәбилерін өсіруге мүмкіндіктері мен жағдайы жоқ жас аналарға қолдау көрсетуде. Өңірде патронаттық тәрбие өріс алды. Сара Алпысқызының бастамасымен туберкулез сырқатына шалдыққан балалар жыл сайын тегін жәрдем алып келеді.
Департаменттің ұйымдастыруымен Орал қаласы мен облыс аудандарында Сара Назарбаеваның мерейтойына орай шаралар өткізілді. Айталық, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында арнайы конференция болды. Онда Сара Алпысқызының өмірі, «Бөбек» қорының атқарып отырған қызметі жөнінде жан-жақты әңгімеленді. Кітап көрмесі де ұйымдастырылды.