17:54, 05 Желтоқсан 2011 | GMT +5
Оралда сергектік күніне орай шаралар ұйымдастырылды
ОРАЛ. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы - жиырма жұлдызды күн» шарасы аясында 4 желтоқсанда Оралдағы су спорты түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ашық есік күні ұйымдастырылды.

Республика аумағын қамтыған «Сергектік» күніне байланысты аталмыш спорт мектебі жалпы халыққа тегін түрде, жанұяларымен, тума-туыстарымен, жолдас-жораларымен келіп суға шомылуға жағдай жасады. Таңғы сағат 9-дан бастап келген көпшілік өз ризашылықтарын білдірді. Жалпы, бұл күні келушілердің саны 80-ге жуықтады.
Сонан соң жиналғандар су добынан жасөспірімдер арасындағы ойындарды тамашалады. «Бұл шаралар тәуелсіздік жылдары ішінде ел, облыс спортының даму белестерін көпшілікке, соның ішінде жастарға насихаттауды мақсатты тұтты», - дейді су спорты түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Райгүл Елесова.
Шара соңында жақсы өнер көрсеткендер, спортшылар дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.