Оралда Шаған қоймасынан судың жіберілуі экологтерді алаңдатып отыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Шаған су қоймасынан 15 қазаннан бері Жайық өзеніне су жіберіліп жатыр.

Оралда Шаған қоймасынан судың жіберілуі экологтерді алаңдатып отыр
Фото: Видеодан скрин

Сол себепті бұл күндері Шаған өзенінен өтетін көпір тұсында балық аулаушылар күрт көбейді. 

Осы оқиғаға орай экологтер мен қала тұрғындары алаңдаушылық білдірді. 

Эколог Татьяна Стариченкованың айтуынша, судың жіберілуі салдарынан шаяндар мен моллюскалар (жұмсақденелілер) жағаға шығып қалып жатыр. Бұлардың өлетіні анық немесе құс жейді, адамдар жинап алады. Шағанда су азайғандықтан, көктемде балықтар тағы қырылады.

— Осыншама суды бірден жібермей, кезең-кезеңмен неге босатпасқа? Шандор ескі болса, неге жөндемеске, отыз жыл бойына ретке келтіруге болар еді. Кәріз сулары Шағанға құйылып, қайықтың моторларынан мазут бөлініп, содан өзен ластанады. Шағаннан көптен бері сынама алынған жоқ. Судың жіберілуі салдарынан шабақтар өледі, балықтар Жайыққа ағып кетеді. Шаған балықсыз қалады. Ең бастысы, судың ең төменгі мөлшерге дейін жіберілуін ешкім бақыламайды. Экологиялық құрылымдар үнсіз отыр, — дейді Т.Стариченкова.

Казинформ тілшісі осы мәселеге орай «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалына хабарласқан еді. 

Филиалдан түскен мәліметке қарағанда, жобалық сыйымдылығы 19,1 млн текше метр Шаған су қоймасы 1965 жылы пайдалануға берілген. Ол Бәйтерек ауданы мен Орал қаласы аумағында орналасқан.

Су ресурстары комитеті 2014 жылы бекіткен Шаған су қоймасын пайдалану ережелерінің 9-тармағына сәйкес күн суытқанға дейін 15-20 қазанда су деңгейінің күрт төмендеуіне жол бермеу үшін шандордың біреуі ашылады. Сосын пайдаланылмайтын су деңгейіне жеткеннен кейін қалған төрт шандор ашылады.
Пайдалану ережелерінің 12-тармағына сәйкес қыс мезгілінде су қоймасының қашыртқы имаратының шандорлары толықтай ашылуы және су қоймасы пайдаланылмайтын су деңгейіне дейін түсірілуі тиіс.

Филиал мәліметіне сәйкес жыл сайынғы жоспар бойынша көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Шаған су қоймасы пайдаланылмайтын деңгейге дейін жеткізіледі. Бұл іс-шара көктемде жоғарғы жақтан келетін суды апатсыз қабылдауға дайындық барысында жасалады.

— Аталмыш ереженің 8-тармағына сәйкес су қоймасы балық шаруашылығы мақсатына қарастырылмаған. БҚО әкімдігінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы «Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесін бекіту туралы» № 325 қаулысына сәйкес Шаған су қоймасы балық шаруашылығы су айдындарына жатпайды, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кәріз суының Шаған өзеніне құйылып жатқаны рас па, соны жазған едік. 

Сондай-ақ Оралда карьер суының жасыл түске боялуы тұрғындарды алаңдатты.