Оралда сорғы стансасында екі жұмысшының қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Оралда сорғы стансасында құбыр жарылып, екі жұмысшы кәріз суына батып кеткен болатын.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2-кәріз сорғы стансасында 1971 және 1982 жылғы қызметкерлер ысырманы ауыстыру жұмысын жүргізген. Алдын ала мәлімет бойынша ысырма жұлынып, соның салдарынан сорғы стансасы кәріз суына толып, екі жұмысшы батып кеткен.
«Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 156-бабы 4-бөлігіне (еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Бұл оқиғаға байланысты Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов әлеуметтік желідегі парақшасында пікірін білдірді.
Шаһар басшысы қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылып, жауаптылар анықталатынын жеткізді.
«Қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Біз оларға өз тарапымыздан жан-жақты көмек пен қолдау көрсететінімізді жеткізгім келеді», деді әкім.