Оралда суда құтқару қызметі стансасының жаңа ғимараты ашылды

Оған қатысқан Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Валерий Петровтің атап өткеніндей, қауіптің алдын алу мен салдарын жою үшін мұндай стансалар аса қажет. Алдағы жылдары осындай стансалар басқа облыстарда да салына бастайды. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Орал қаласында суда құтқару қызметкерлеріне арналған стансаны салудың қажеттігін айтқан кезде бірінші вице-министр Өмірзақ Шөкеев тез шешім қабылдап, оны салуға қажетті қаржының бөлінуіне ықпал етті.
Шаған өзенінің жағасындағы қос қабатты жаңа станса бес айдың ішінде салынған. Батысқазақстандық суда құтқару қызметінің қызметкерлері тек соңғы үш жылдың ішінде 600-ден астам адамды құтқарып, өмірін сақтап қалған.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан облыстың суда құтқару қызметкерлерін 15 жылдық мерекелерімен және аталмыш шарамен құттықтады. «Көктемгі су тасқыны барысында құтқарушылар 1700-ден астам адамды апат алаңынан шығарып, тәулік бойы қажырлылықпен еңбек етті. Бұдан басқа олардың біз білмейтін ерлікке тұрарлық істері қаншама?! Олар жылдың қай мезгілі болмасын өз істерін адал орындап, тіпті кейде өз өмірлеріне қауіп төніп тұрса да, өзгенің өмірін сақтап қалуда», - деді ол.
Салтанатты шараға жиналғандар қос қабатты ғимарат пен станса жанындағы көліктер тұратын орындарды аралап, стансаның материалдық-техникалық мүмкіндігімен танысты. Генерал-майор Валерий Петров батысқазақстандық суда құтқарушыларға қос көліктің кілті мен желдей жүйрік қайықтың ескегін табыс етті. Сонымен қатар ол келесі жылы да стансаны техникалық жабдықтауға, көлікке, сүңгуірлер киіміне қаржы бөлінетіндігін жеткізді.
Суда құтқару қызметінде 55 адам жұмыс істесе, олардың 51-і - құтқарушы. Осындай қолдаудың нәтижесінде олар өз міндеттерін бұрынғыдан да тиімді жүргізе беретін болады.