Оралда суға батып бара жатқан 5 жасар қыз құтқарылды

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін «Өрт қаупі кезеңі және судағы қауіпсіздік» атты рейдтік шара кезінде орын алған.
Желаев кентіндегі жасанды су қоймасында Орал қаласы ТЖ басқармасының қызметкері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бақтияр Катчеков сағат 12.20-да 2014 жылы туған Н.Ғұбаеваны құтқарды. Ата-анасының қарауынсыз қалған қыз бала суға құлап кеткен.
Құтқарылған бүлдіршінге алғашқы жәрдем көрсетілді. Медициналық көмекті қажетсінбеді.
«Біз бүгін табиғат аясына демалуға барғанбыз. Балалар өзенде шомылып жүрді. Мен әжетханаға кетіп едім. Дәл сол сәтте қызым суға бата бастады. Бақытымызға орай, рейдтік шара өтіп жатыр екен, соған қатысып жүрген Бақтияр Катчеков қызымды судан алып шықты. Перзентімді құтқарғаны үшін оған мың алғыс», - дейді қыздың анасы А.Ғұбаева.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оралда бозбала суға кеткен болатын. Бірнеше күннен бері өңірде аптап ыстық, температура тілі түс әлетінде 35 градусты көрсетіп тұрды.