Оралда суға кеткен саяжай үйлері техникалық тексеруден қалай өткізіліп жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында суға кеткен саяжай үйлері техникалық тексеруден өткізіліп жатыр.


«Самал-3» шағынауданында «Бирюса» бау-бақша серіктестігі 23-мекенжайда тұратын Виктор Киверовтің мәлім еткеніндей, үйіне су екі рет кірген.
«Алдымен 2 сәуір күні үйде жарты метрдей су болды. Бірнеше күннен кейін қарғын су тағы басты. Ауламыз әлі суда тұр. 2017 жылы бастап, өз күшімізбен тұрғызып едік. Өткен жылы кіргенбіз. Асүй жиһазы желтоқсан айында жаңадан алынған. Мүліктеріміз де суға кетті. 100 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек алдық. Басқа баспанамыз жоқ болғандықтан, техникалық тексеруден өткеннен кейін жөндеу жүргізбекшіміз», -дейді В.Киверов.

Аталмыш мекенжайға техникалық тексеру жүргізген «Дауымшар» ЖШС сарапшысы Мейрамбек Идресовтің айтуынша, үй тұруға жарамды.
«Іргетасында жарықшақ жоқ, қабырғалары жақсы жағдайда. Тек еден, тұсқағаз, есіктеріне залал келген. Жұмысымыздың қорытындысын береміз, сол бойынша бағалаушылар сараптама жасап, комиссия шешім шығарады. Барлығы 70 үй иесінен өтініш түсті, соның 9-ын қарап үлгердік. Әр үйге техникалық тексеру жүргізуге 40 мың теңге бөлінеді», -деді М.Идресов.
«Ветеран» бау-бақша серіктестігі 112-мекенжайында орналасқан қос қабатты үй де тұруға жарамды болып шықты. Үй иесі Роман Кондратский осында зайыбы және екі баласымен тұратынын жеткізді.

«Техникалық тексеру жүргізген компаниялар тізім береді. Біз сол тізім бойынша жөндеуге және мүлікке байланысты бағалау жұмыстарын жүргіземіз. Бағалаушылар барлығы 2,5 мыңдай үйді аралап шықпақшы. Техникалық тексеру компаниялары үйді күрделі және ағымдағы жөндеу жөнінде қорытындысын береді. Біз соған материалдар мен мүліктің бағасын қосамыз», -дейді «TABYS INVEST Ltd» ЖШС бағалаушысы Тоқтамыс Хамзин.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің сөзіне қарағанда, саяжай иелерінен залалды өтеу бойынша 10 мыңнан астам өтініш түскен. Соған сәйкес біржолғы әлеуметтік төлем беру жұмысы аяқталу қарсаңында.

«Бірінші кезекте саяжая иелерінің бір ғана баспанасы болып табылатын 2 мыңнан астам үйге техникалық тексеру және бағалау жұмыстары жүргізілуде. Бұған рұқсаты бар жеті компания тартылған. Сонымен қатар өтініштерді қарау кезінде кейбір мәселелер ескеріледі. Мысалы, саяжай иелерінің құжаттары сәйкес келмеуі мүмкін. Яғни халыққа қызмет көрсету орталығында оның ауылдағы апатты немесе сатып кеткен үйі тіркеліп тұруы ықтимал. Сондай-ақ көпбалалы отбасының жатақханада 17 шаршы метр пәтері бар болғанымен, онда бәрі тұра алмайтыны белгілі. Сол секілді әкесінің немесе басқа да жақынының атындағы жылжымайтын мүлікте 50-30 пайыз үлесі болса, ол да комиссияда қаралып, шешіледі», -дейді Жандос Асхатұлы.
Қазіргі кезде Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің жайылмасында орналасқан саяжайлардың 60-70 пайызы әлі суда тұр. Ол аумақтардан су кетпей, техникалық тексеру және бағалау жұмыстарын жүргізу мүмкін емес.

«Тексерілген үйлердің ішінен оншақтысы апатты деп танылып отыр. Бұл үйлерде тұратындардың баспаналы болуы үшін бірнеше нұсқа қарастырылған. Біріншісі, оларға жаңа үйлерден пәтер сатып алынып беріледі. Екіншісі, риэлторлар арқылы екінші нарықтағы үйлер алынады. Үшіншісі, қала шағынаудандарында жаңадан көпқабатты үй салып, пәтерлерді соның ішінен бөлу. Үй берілген жағдайда саяжай иелері учаскелерін мемлекетке өткізеді», -деді Ж.Дүйсенғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да саяжайлардан жер асты суы сорылып жатқанын жазған болатынбыз.
