Оралда Сызрань қаласынан келген А.Толстой атындағы драма театры өнер көрсетті

93 жылдық тарихы бар театр оралдық көрермендерге алдымен драматург В.Крестовскийдің «Туыс» («Родня») пьесасы бойынша қойылған спектакльды ұсынды. Театр директоры Сергей Салминнің айтуынша, комедия орта жастағы адамдарға арналған, әркімге түсінікті, қабылдауға жеңіл. Сондай-ақ «Туыс-2» қойылымы, балаларға арналған ертегі де көрсетілді.
С.Салминнің сөзіне қарағанда, театр репертуары бұдан да бай, соңғы кезде сахналанған дүниелер де баршылық. Кеңес дәуірінен кейін үзіліп қалған байланысты қайта орнықтыруға күш салынуда. Оның үстіне Батыс Қазақстан облысы мен Самара губерниясы - көршілес орналасқан аймақтар.
Сызраньдықтар Оралдағы гастрольдік сапарын бүгін қорытындылап, одан кейін Венгрия астанасы Будапешке сапар шегеді. Жаңажылдық қойылымдарды Самарада қойғаннан кейін Копенгаген сапары күтіп тұр.