Оралда танысының ақшасын қайтармаған полиция бөлімінің бұрынғы басшысы сотталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бұрынғы басшысы Берік Тілеулиевке қатысты сот отырысы ашық түрде өтіп, оған сақшылар қатысты.
Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлованың хабарлағанындай, Орал қалалық сотының судьясы Руслан Жұмағұлов жүргізген сот талқысында белгілі болғанындай, жәбірленуші А.Рахметова мен айыпталушы Б.Тілеулиев отбасыларымен араласып, достық қарым-қатынаста болған. Б.Тілеулиев аталған азаматшаға мемлекеттік бағдарлама аясында барлық жағдайы бар пәтерге қол жеткізуге көмектесетінін, ол үшін 1,1 млн теңге ақша керектігін айтады. А.Рахметова Халық банкіден несие алып, 2014 жылдың желтоқсанында қаржыны Б.Тілеулиевке береді. Алайда уәде етілген пәтер мәселесі шешілмейді, ақша да қайтарылмайды. Ақыры шыдамы таусылған А.Рахметова биылғы наурызда құқық қорғау органдарына хабарласып, арыз берген. Дегенмен сот үкім шығарған кезде Б.Тілеулиевтің ақшаны өз еркімен қайтарып бергенін, істеген әрекеттеріне өкінетінін, отбасында кәмелетке толмаған балаларының бар екендігін, жәбірленуші тараптың оған ешқандай талабы жоқтығын ескерді. Сөйтіп Б.Тілеулиев ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлігі «б» тармағына сәйкес (1997 жылғы редакцияда, ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) айыпты деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленгенімен, ҚР ҚК 63-бабы қолданылып, оған 3 жылға сынақ мерзімімен бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сотталушы сондай-ақ полиция аға лейтенанты шенінен және мемлекеттік мекемелерде өмір бойына қызмет ету құқығынан айырылды.