Оралда тарифтік саясат мәселелері талқыланды

АЛ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жұмыс сапарымен БҚО-ға келген ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов 9 қараша күні «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жұмысымен танысқан соң облыс әкімдігінде өткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, электр қуаты мен суды тұтынудағы тарифтік саясат мәселелеріне байланысты мәжіліске қатысты.
None
None

Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев өңірдің тоғыз ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында да жоспарлы түрде атқарылып жатқан істер баршылық. Мәселен, республикалық бағдарлама аясында 18 үйге жөндеу жүргізіліп жатыр», - деді Н.Ноғаев.

Агенттік төрағасы Н.Алдабергнеов қуат көзін үнемдеудің басты бағыты - нормативтік-техникалық ысыраптарды азайту мен жою екенін айтты. Электр, жылу және су желілерінде соңғы кездері нормативтік-техникалық ысыраптардың жыл сайын төмендеуі байқалып отыр. Өткен жылы осы техникалық ысыраптарды төмендетуден республика бойынша 3,2 млрд. теңге үнемделген. Батыс Қазақстан облысында су жүйесінен 5,0 млн. теңге, жылу жүйесінен 15,8 млн. теңге үнем болған.

Ысыраптарды азайтуда желілердің жаңғыртылуымен қатар, есептеу қондырғыларын пайдаланудың да маңызы зор. Батыс Қазақстан облысы көлемінде есептеу аспаптарымен қамтамасыз етілу қазір ыстық су жүйесі бойынша - 94,7, салқын су жүйесінде - 91,1, жылу энергиясында 10,2 пайызды құрап отыр. «Мәселен, орта есеппен алғанда, Орал қаласында үш бөлмелі пәтерде үш адамнан тұратын отбасы ыстық және салқын судың есептеу аспабы болған жағдайда 568,52 және 709,07 теңге қаражатын үнемдейді, - деп Нұрлан Алдабергенов мысал келтірді. - Ал жылу қуатын есептеудің жалпыүйлік есептеу құрылғысы 1880,88 теңге қаражатты үнемдейді екен. Нәтижесінде отбасына коммуналдық қызметтер 3179,47 теңгеге арзан түседі.»

«Орал су арнасы» МКК директоры Қайырғали Имашев судың нормативтік-техникалық ысыраптары биыл 27,3 пайыз азайып, 49 млн. теңге көлемінде қаржының үнемделгенін жеткізді. Қазіргі таңда көп қабатты үйлерде 111379 дана, жеке секторда 12 241 дана су өлшеу құрылғылары тіркелген.

«Жайықжылуқуат» АҚ директоры Ринат Нұрышев жүйелерге және жылу қуат стансасына күрделі жөндеулер жүргізілгенін, қысқа әзірлікпен кіріп отырғандықтарын жеткізді. Бұған жергілікті бюджеттен 90 млн. теңге қаржы бөлінген. Үстіміздегі жылы жылу жүйелерінің жалпы көлемі 25 шақырым құрайтын апатты бөліктері толықтай жаңартылған. Бұған 420 млн. теңге көлемінде қаржы салынған. Жылу жүйесіндегі нормативтік-техникалық ысыраптар да жыл сайын азайып, биыл 19,9 пайызға кеміген.

Батыс Қазақстан облысында электр қуаты арзан. Агенттік төрағасының айтуынша, Ресейдің көршілес жатқан бес облысымен салыстырғанда өңірде электр қуаты 20 пайыздай арзан екен. Республика көлемінде 1 кВт электр қуатының құны 11 теңге болса, облыста - 7,31 теңге. Мұның себебі жергілікті энергия көздерін пайдаланудан.

Агенттік басшысы жаңа тарифтердің қолданылуынан да экономикалық тиімділіктің бар екенін айтты. Осы бағытта өткен жылы 248 млн. кВт/сағатқа жуық электр энергиясы үнемделіп, бұл тұрғындардың жалпы тұтынуының 2,3 пайызын құраған. «Ақжайықэнергосауда» ЖШС-ның директоры Лариса Ершова тәулік уақыттары бойынша сараланған тарифтерді қолданудан бірқатар кәсіпорындар экономикалық тиімділік алғанын атап өтті. Мәселен, «Ақсайжылуқуат» МКК - 3,187 мың теңге, «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ - 3687,8 мың теңге, «Жайықмұнай» ЖШС 6 млн. 509 мың теңге үнемдеген. «Азот зауыты» ЖШС электр қуатын тарифтер бойынша пайдалану арқылы 3 млн. 236 мың теңге қаржыны үнемдепті. Бұл құрылғанына төрт жыл болған кәсіпорын үшін аз қаражат емесі анық. Ал суды үнемдеу мақсатында жеке тұлғалар үшін сараланған тарифтер бірқатар облыстарда енгізілген. Батыс Қазақстан облысында су тұтыну көлеміне қарай сараланған тариф 2013 жылы енгізіледі деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар