17:38, 21 Қараша 2011 | GMT +5
Оралда тарихшы-ғалым Т.Рысбековке құрмет көрсетілді
ОРАЛ. 21 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында белгілі тарихшы-ғалым, академик, «Парасат» орденінің иегері Тұяқбай Рысбековтің ғылыми-педагогикалық қызметінің 45 жылдығы аталып өтілді.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атап өткеніндей, ел тарихын, соның ішінде Батыс Қазақстан аймағын жан-жақты зерттеп, зерделеуде Тұяқбай Зейітұлының еңбегі ұшан-теңіз. Сонау 1970 жылдары Оралға жас маман болып келіп, кейін еліміздегі іргелі білім ордаларының бірі М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін ширек ғасырға жуық уақыт бойы біліктілікпен басқара білді.
М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың ректоры Асхат Иманғалиев осы оқу орнының қалыптасуы мен дамуында Тұяқбай Рысбековтің елеулі еңбегіне тоқталып, университет тарихында тұңғыш рет беріліп отырған «М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ құрметті ректоры» куәлігін табыс етті.