Оралда тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған шаралар өтуде

«Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы ғимаратында «Жыл үздігі-2011» жастар сыйлығы 20 аталым бойынша тапсырылды. Онда облыс көлемінде жыл бойына жастар қозғалысының дамуына, елдің саясаты мен қоғам өміріне белсене араласқан көшбасшылар, әр саладағы өз мамандығының шеберлері анықталды. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықовтың атап өткеніндей, жастар - қай уақытта да қоғамның белсенді қозғаушы күші, болашағы. Еліміздің 20 жылдық дамуында жастардың үлесі де зор болды. Е.Салықов байқауда «Үздік жастар ұйымы» аталымы бойынша жеңіске жеткен жастарды марапаттап, сый-сияпат табыстады. Шара барысында бұдан өзге «Үздік жас көшбасшы», «Үздік жас ғалым», «Үздік студент», «Үздік жас суретші» секілді ұзын саны жиырмаға жететін түрлі аталым жеңімпаздары анықталды. Байқаудың әр аталымы бойынша бір жеңімпаз және екі дипломант таңдалды. Оларға Тәуелсіздіктің 20 жылдығының арнайы белгісі бейнеленген мүсін сыйға берілді.
Орал қаласындағы №1 орта мектепте «Ел рәміздерін құрметтейік» атты шара ұйымдастырылды. Оған қала әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев, қалалық білім беру бөлімінің бастығы Жансұлу Төремұратова қатысты. Аталмыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Бисенғалиева шара туралы өз ойын былай сабақтайды: -Бұл шара мектептегі «Азамат» өзін-өзі басқару ұйымындағы оқушылардың ұйымдастыруымен өтуде. Негізгі мақсатымыз - оқушылардың патриоттық сезімін оятып, ел рәміздерін құрметтеуге баулу. Барлығы 969 оқушы қатысуда. Аптасына бір рет мектепішілік жиында еліміздің әнұранын шырқау біздің мектепте дәстүрге айналған. Кез келген оқушы әнұранды жатқа біледі.
Дәл осы тақырыптағы үлкен шара №36 орта мектепте де өтті.