Оралда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш орнатылды
Қала орталығында, Дина Нұрпейісова көшесі бойындағы тынымбақта кіші архитектуралық формаға қоса, қаза тапқандардың есімдері жазылған тақта қойылған.
Алдымен, іс-шараға қатысушылар тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Шекарадағы ұрыс қимылдары 1992-1993 жылдары басталып, 2001 жылға дейін созылған болатын. Оған 8 500 қазақстандық сарбаз қатысып, 46-сы ерлікпен қаза тапқан еді. Бейбіт күнде басын қауіп-қатерге тіккендердің арасында 350 батысқазақстандық болды. Қазіргі кезде соның 128-і Орал қаласында тұрады.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан Миржан Сатқанов тәжік-ауған ардагерлерінің әрдайым байланысқа шығып, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысатынын атап өтті.

«Тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер кіші архитектуралық форма орнату жөнінде ұсыныс жасап, жобасын өздері дайындаған болатын. Біз бұл ұсынысқа қолдау көрсетіп, өз тарапымыздан тиісті жұмыстарды атқардық. Нәтижесінде, осы кіші архитектуралық форма орнатылды. Ел тыныштығы үшін жанын қиған ержүрек әскери қызметкерлердің рухына тағзым етеміз. Жауынгер жерлестерімізге арналып орнатылған кіші архитектуралық форма жеткіншек ұрпақтың бойында ұлттық рух пен отаншылдық сезімін арттыруға септесетіні сөзсіз», - деді М. Сатқанов.
Бұдан кейін қала басшысы мен БҚО тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдары мен әскери қақтығыстар ардагерлері одағының төрағасы Әлішер Ашурматов ескерткішті салтанатты түрде ашты.
Іс-шара «Зан-Шин» клубының көрсетілімі және қала өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.








Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жас сарбаздар іс-шарасына 700-ге жуық оқушы қатысқанын жазған болатынбыз.
Фото: Әділет Ғабдірешев