20:47, 30 Қыркүйек 2021 | GMT +5
Оралда ток соққан 26 жастағы жұмысшы қаза тапты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ток соққан 26 жастағы жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 14.00-де Желаев кентіндегі өндірістік аймақта болды.
«ГренАгроТренд» ЖШС-ға кіреберістегі тұйық жолда жүк вагондарын пломбалау жұмыстарын жүргізу кезінде 1995 жылғы жұмысшы абайсызда электр сымдарына тиіп кеткен. Соның салдарынан ток соққан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жүк пойызы 26 жастағы қызды қағып кеткенін жазған болатынбыз.