Оралда травматологтар мен ортопедтердің халықаралық конференциясы өтуде

ОРАЛ. 3 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында травматологтар мен ортопедтердің халықаралық конференциясы басталды. Екі күнге созылатын алқалы басқосуға Бельгия, Германия, Австрия, Польша, Англия, Ресей және басқа ТМД елдерінен білікті мамандар қатысып, пікір алысуда.
None
None

Жиынға келгендердің бірі, медицина ғылымдарының докторы, Ресей халықтар достығы университеті травматология кафедрасының профессоры Сергей Гильфанов облыстық клиникалық аурухана базасында шеберлік дәрісін де өткізді. Ол өз тәжірибесін көрсету мақсатында жамбас буынын протездеу жөніндегі төрт отаның алғашқысын тоқсан бір жастағы ақсақалға жасады. Ота небәрі 20-25 минутқа созылады, гемипротезді салу көп уақыт алмайды. Оның айтуынша, ең бастысы, медициналық жабдық соған сәйкес болуы керек, БҚО ауруханасында мұндай оталарды жасау үшін қазіргі заманғы технологияға сәйкес толық жағдай жасалған.

Мұндай оталарды жасауда батысқазақстандық дәрігерлердің тәжірибесі де жоқ емес. Өйткені тізе буынын эндопротездеу отасы бірнеше жылдан бері жасалып келеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің сөзіне қарағанда, өңір дәрігерлерінің біліктілігін арттыруда мұндай жиындардың, шеберлік дәрістерінің маңызы зор.

Соңғы жаңалықтар