07:53, 08 Қазан 2013 | GMT +5
Оралда тұмауға қарсы 11498 вакцина бөлінді
ОРАЛ. 8 қазан. ҚазАқпарат - Күз бен қыс - тұмаудың (грипп) өршитін уақыты. Осы аурудың алдын алу мақсатында Орал қаласына биыл 11498 вакцина бөлінген.

Орал қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы эпидемиология бөлімінің бастығы Гүлбақыт Наурызәлинаның айтуынша, соның 1230-ы медицина қызметкерлеріне, 5108-і балаларға, 3790-ы ересектерге, 1370-і жүкті әйелдерге егілмек. Екпеден кейін екі апта ішінде қалыптасып, қорғаныш қасиетін жыл бойы сақтайтын аталмыш ем-дом шарасы сондай-ақ ақылы түрде жасалады. Егілемін деушілерге «Талап» АҚ және «Батыс АвиГип»ЖШС ақылы қызмет көрсетеді.
Эпидемиологтардың айтуынша, 2013-2014 жылдың күз-қыс мезгілінде «А» тұмауы белең алып, ал «В» тұмау вирусының белсенділігі төмен болады деп күтілуде.