Оралда түнде мас жүргендер ұсталды

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 8 қаңтар күні сағат 02.45-те болды.
Комендант талабы мен төтенше жағдай режиміне қарамастан, «Эль Плаза» барында жастардың, соның ішінде жасөспірімдердің емін-еркін сайран құрып жүргені анықталды. Олардың бірқатары мас күйінде болған.
Тәртіп сақшылары 19 адамды Орал қаласы полиция басқармасына жеткізді. Ойын-сауық орталығының қожайыны мен қызметкерлері де ұсталды.
Ұстау кезінде әйелдер мен жас қыздар мас күйінде балағат сөздер айтып, полиция қызметкерлерін арандатуға тырысып бақты.
Төтенше жағдай талабын ескере отырып, олардың бәрі де жауапқа тартылатын болады. Мұндай құқықбұзушылыққа барғандарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.