Оралда түнде өрт шыққан көпқабатты үйден 83 адам эвакуацияланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда түнде өрт шыққан көпқабатты үйден 83 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда түнде өрт шыққан көпқабатты үйден 83 адам эвакуацияланды

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 18 мамыр күні сағат 23.38-де Д.Қонаев атындағы шағынауданда 67-үйдің 3-қабатында өрт шыққаны жөнінде 101 телефонына хабар түсті.

Оқиға орнына жеткен №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі барлау жүргізген кезде тоғыз қабатты үйдің аталған пәтерінде жеке заттар мен диванның жалын шарпығанын анықтады. Сондықтан №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен жедел құтқару жасағы көмекке шақыртылды.

Жеке құрамның тез қимылдауы нәтижесінде өрт қысқа уақытта, 19 мамырда сағат 00.15-те оқшауланып, 00.25-те сөндірілді.

Үйден 83 адам қауіпсіз жерге көшірілді, соның 33-і – жасөспірім. Соның ішінде 9 бала жедел жәрдемге тапсырылды.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 117 адамның жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.