Оралда тұрғындар жол жоқтығын, көше қараңғы екенін айтып шағымданды

ОРАЛ.  KAZINFORM — Орал қаласында 10-шағынаудандағы Бірлік көшесінің тұрғындары қиындық көріп отырғаны жөнінде әлеуметтік желіде ақпарат жарияланды.

Оралда тұрғындар жол жоқтығын, көше қараңғы екендігін айтып шағымданды
Фото: видеодан алынған скрин

Қоғам белсендісі Нұрлыбек Баймурзиловтің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, аталған көшедегі негізгі проблема – асфальттің мүлдем жоқтығы.

Оның сөзіне қарағанда, тұрғындарға мемлекет тарапынан инфрақұрылым бойынша жеткілікті жағдай жасалмаған. Жолдың болмауы — көлік қатынасына, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметінің уақытылы келуіне үлкен кедергі.

- Сонымен қатар үш көшеде жарық жоқ, қазіргі таңда аумақ тас қараңғы. Қараңғылықта қылмыс жасау қатері жоғарылайды. Балалардың, әйелдердің, қарттардың қауіпсіздігіне төнген қауіп күшейеді. Жол-көлік оқиғасы, жарақат алу сияқты тәуекелдер еселенеді. Осындай қараңғылықта қылмыс болса, кім жауапты болады? Тұрғындар күн сайын қорқынышпен жүр. Сондықтан 10-шағынаудандағы Бірлік көшесіне асфальт салу мәселесін қарастырып, көшелерге жарық орнатуды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды сұраймыз, - деді Н.Баймурзилов.

Бұл мәселені осы маңда тұратын тұрғындар да қостады.

- Балшыққа әбден баттық. Балалардың киімі мен етігінен дым қалмады. Күнде құлап келеді. Жедел жәрдем шақырсақ, кіре алмайды, көшенің басына келіңдер дейді. Такси де батып қаламыз деп кірмейді. Жел соқса, жарық та өшеді. Үш көшенің мәселесін шеше алмасақ, қай заманда өмір сүріп жатырмыз? - дейді тұрғындар.

Осыған орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдады.

Әкімдік мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта аталған көшені толық жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалмаған. Жоба дайындау жұмыстары басталған жағдайда тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері ескеріле отырып жасақталатын болады.

- Уақытша қолайлы жағдай жасау мақсатында жолдың беткі қабатын түзету және ескі асфальт қалдықтарын төсеп, жүріс бөлігін жақсарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесіне қатысты да жобалық-сметалық құжаттама әзірленбегенін хабарлаймыз. Алдағы жоспарлау кезеңінде бұл мәселені енгізу қарастырылады, - делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстандағы ауылда жолдың неліктен салынбай қалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар