Оралда тұруға жарамсыз деп танылған саяжай үйлері бұзылып жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында жаңа баспана алған тұрғындардың саяжайларда тұруға жарамсыз деп танылған үйлері бұзылып жатыр.

үйді бұзу
Фото: Орал қаласының әкімдігінен

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің мәлім еткеніндей, «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес «Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысында көрсетілгеніндей, жалғыз баспанасы тұруға жарамсыз деп танылған тұрғындарға үй берілуде. Соған сәйкес олар бұрын тұрған 2 мыңнан астам саяжай учаскесі мемлекетке қайтарылады.

Жандос Асхатұлының сөзіне қарағанда, жаңа баспана алушылардың саны көбеюі ықтимал. Өйткені комиссия шешімімен келіспей, сотқа жүгінушілер болуы мүмкін.

«Аталған саяжай учаскелеріндегі барлық үйлер мен шаруашылық құрылыстары сүріліп, ірі көлемдегі қалдықтар полигонына жеткізіледі. Бұл экологиялық мәселелерді туындатпау, ол жерлерді жабайы қоқыс алаңына айналдырмау үшін қажет, сонымен қатар оларда үйсіз-күйсіз жүрген адамдар тұруы мүмкін. Тазалау жұмыстарына барлығы 15 компания қатыспақшы. Мұны жаз айларының соңына дейін бітіруді көздеп отырмыз. Қазіргі кезде иелері үй алған 700 мекенжай бойынша осындай жұмыстар атқарылуда. Мемлекет қарамағына өткен жерлерді пайдалану жөнінде Үкіметпен бірлесе отырып, шешім қабылданады. Ол учаскелер саяжай есебінде берілсе де, онда енді күрделі құрылыс салынбайды, адамдар қысы-жазы тұрмайтын болады», деді Ж.Дүйсенғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның Бөрлі ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін 60 үй салынып жатқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар