Оралда түзеу мекемесінің бұрынғы басшылары мен жазасын өтеушілерден құралған қылмыстық топ мүшелері ұзақ мерзімге сотталды

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, тергеу барысында анықталғанындай, төрт жазасын өтеуші жалпы режимдегі түрмені есірткімен қамтып отырған әрі «ортаға» ақша жинаған. Сот үкімімен олардың басшысы, түрмені «қарап» отырған Серік Жалиев ҚР ҚК 235 бабы 1-бөлімі, 312-бабы 4-бөлімі «а, в» тармақтары, 235-4-бабы 2-бөлімі, 24-бабы 3-бөлімі - 259-бабы 4-бөлімі «а» тармағы бойынша айыпты деп танылып, 19 жыл (ерекше режимдегі колония) жаза кесілді. Қалған үшеуі (Роман Хохлачев, Антон Кузнецов, Марат Дәрібаев) ҚР ҚК 235-бабы 2-бөлімі, 24-бабы 3-бөлімі - 259-бабы 4-бөлімі «а» тармағы бойынша жазасын қатаң және ерекше режимде өтейтін болып, сәйкесінше 9, 16 және 17 жылға бас бостандығынан айрылды.
Сонымен қатар айыптау үкімі аталған тұлғалардың қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыруына «жәрдемдескен» РУ-170/2 мекемесінің бұрынғы білдей төрт қызметкеріне де шығарылды. Олардың бәрі де ҚР ҚК 235-бабы 3-бөлімі, 311-бабы 4-бөлімі «б, в» тармағы бойынша айыпты деп танылды. Атап айтқанда, мекеме бастығының режим және жедел жұмыстар жөніндегі бұрынғы орынбасары Арман Ахметовке мүлкін тәркілеумен бірге сегіз жыл (қатаң режим) кесілді. Сондай-ақ мекеме бастығының тәрбие және кадр жұмысы жөніндегі бұрынғы орынбасары Марлен Валиев, жедел бөлімнің бұрынғы жедел уәкілі Орынбай Мұхтаров, жедел бөлімнің бұрынғы бастығы Серік Ғабдушев те мүлкін тәркілеумен бірге сегіз жылға (қатаң режим) бас бостандығынан айрылды.