Оралда Үкімет басшысының қатысуымен Жайық өзенінің жай-күйі талқыланды

РАЛ. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен БҚО әкімдігінде Жайық өзенінің жай-күйі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Үкімет басшысы бүгінгі жиынға Ресей Федерациясы делегациясының өкілдері де қатысып отырғанын айтып өтті. Ол бұл мәселе Қазақстан үшін де, Ресей Федерациясы мен оның Башқұрт Республикасы үшін де маңызды екенін атап өтті.

Кеңесте Жайық өзенін сауықтыру мәселесіне орай ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев баяндады. Оның айтуынша, 2 мың шақырымға созылып жатқан екі құрылықтың шекарасындағы Жайық өзені бастауын Ресей жерінен алады. Осы өзеннің төменгі сағасында отырған ел аймақтары үшін оның экологиялық жағдайының күрт төмендеуі, өзен арнасының тартылып, саяздап бара жатқаны үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Соңғы жылдары бекіре балық тұқымдары да Жайықтың жоғары ағысына көтерілмейтін болды. Сондықтан да бұл мәселені де екі ел бірлесіп шешуі тиіс.

Бұл мәселеге орай екі елдің бірлескен іс-қимылын үйлестіріп отыратын Жайық өзені бойынша халықаралық қор құру қажеттігі айтылды. Жайық өзеніне байланысты атқарылатын шараларға орай бірлескен келісімшарт жобасы да әзір. Ол биылғы күзде Өскемен қаласында өтетін Қазақстан мен Ресей мемлекет басшыларының кездесуіне ұсынылатын болады.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов те бұл пікірді одан әрі жалғастырып, өзен жағасында 10 млн. халық тұратынын атап өтті және оның экологиясының күрт нашарлап бара жатқанын ортаға салды. Министрлік Жайық өзенінің экологиясын жақсарту жөнінде арнайы бағдарлама даярлауда.

Жалпы өңірде су көздерінің 80 пайызы Ресейден бастау алады. Соның ішінде ең маңыздысы Жайық өзені болып табылады. Бұл өзен бойында 87 елді мекен орналасқан, онда облыс халқының 75 пайыздайы тұрады.

Аталмыш мәселе екі ел басшыларының қатысуымен Орал, Новосібір, Орынбор қалаларында өткен шекаралас аумақтар форумдарында көтерілген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жайықтың өзекті мәселелерін шешу жөнінде ресейлік тараппен кеңес алысу жөнінде тапсырма да берді. Екі ел басшылары Жайық өзенінің экожүйесін сақтау бағытында қор құруды қолдап, орталық өкілетті органдарға тапсырды.

Облыста Саратов облысы аумағынан басталатын Қараөзен мен Сарыөзеннен су алу да өзекті мәселеге айналып отыр. Өңірдің оңтүстік аудандарын сумен қамту үшін кемінде Ресейден жыл сайын 138 млн. текше метр Еділ суын алу қажет. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы жеткіліксіз болып келеді.

2009 жылы Жайық суын Жайық-Көшім жүйесі арқылы Қараөзен мен Айдархан су қоймасына жеткізу қолға алынды. Бұл жоба биыл аяқталмақ. Сондай-ақ Жайық-Көшім жүйесінен Ақпәтер ауылы тұсында Қараөзенге су жіберу үшін 4,4 млрд. теңгеге бағаланған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Жаңақала ауданының оңтүстік бөлігін сумен қамту үшін Қараөзеннен Сарыөзенге 10 млн. текше метрге дейін су жіберу де (құны - 292 млн. теңге) көзделуде.

Жиын барысында БҚО-ның Жәнібек ауданында орын алған киіктердің жаппай өлуіне байланысты комиссия қорытындылары да жария етілді.

Соңғы жаңалықтар