Оралда улы топырақпен бөгет тұрғызылып жатыр – әкімдік жауап берді
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында химикатпен уланған топырақпен бөгет тұрғызылып жатқаны жөнінде ақпарат тарады.

Telegram әлеуметтік желісінде Halyqstan парақшасынан 12 ақпан күні мәлім болғанындай, Перевалочный тоғайы ауданындағы бөгет салу кезінде бұрынғы «Землячка» зауыты аумағынан алынған улы топырақтың пайдаланылғаны айтылған.
Аталмыш зауытта кеңес дәуірі кезінде түрлі химикаттар қолданылған.
Осы мәселеге байланысты Орал қаласы әкімдігі жауап берді.
Әкімдік мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта облыстық аурухана ауданында «Урал» гараж кооперативі аумағында, Перевалочный тоғайы және Д.Нұрпейісова көшесі 40/2-мекенжайы маңында (бұрынғы «Землячка» зауыты) қорғаныш бөгеттері нығайтылуда.
- Жұмыс барысында мердігер ұйым аталған учаскеде химикатпен уланған жердің топырақ бөлігі (шамамен 50 метр) бар екенін білмеген, сөйтіп жардан аударылған. Ақпарат түскеннен кейін аталған учаскеде барлық жұмыстар тоқтатылды. Сонымен қатар мердігер ұйымға аударылған топырақты түгел тазарту туралы тапсырма берілді. Бұл 13 ақпанға жоспарланған. Оған қоса Орал қаласы әкімдігінен аталған деректі өз құзыреті шегінде қарау үшін БҚО бойынша экология департаментіне хат жіберілді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қала қоқысқа толғаны жөнінде Орал әкімдігі жауап бергенін жазған едік.