Оралда «Ұлттық рухани құндылықтарды оқып-үйрену және насихаттауды ұйымдастыру» тақырыбында семинар-тренинг өткізіліп, оған ресейлік қазақтар да қатысты

Жиынға Ресейдің Саратов, Самара, Орынбор облыстарынан қазақ ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері, қазақ тілі мұғалімдері қатысып, пікір алысты. Семинар-тренингте педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің проректоры Абат Қыдыршаев, филология ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының проректоры Мұрат Сабыр, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық бөлімшесінің төрағасы, «Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Болат Жексенғалиев баяндама жасап, өзекті мәселелерге тоқталды. Ресейлік қазақтарға арналған оқулықтар, әдістемелік құралдар шығару, грант бөлу, олармен тұрақты байланыста болып, басқалай да көмек көрсету жайы айтылды. Саратов облысы Энгельс ауданынан келген Үмітқан Жөнелбаева ризашылығын білдірсе, Орынбор облысы ақпарат және қоғамдық-саяси және сыртқы байланыстар министрлігінің бас маманы Сәуле Тайкешева батысқазақстандықтармен он жылдан бері тығыз қарым-қатынаста екендігін, әсіресе, Мұхит Мералыұлы атындағы қордың қолұшын беріп отырғандығын атап өтті.