Оралда ұлттық теңге күніне орай көрме ашылды
Ел тәуелсіздігінің бұлжытпас белгісі - оның төл ақшасы. Биыл ұлттық теңгенің өмірге келгеніне 18 жыл толмақ. Жалпы теңге - ұлттық тарихымыз сабақтастығының да айқын көрінісі. Өйткені қыпшақтың Алтын Орда мемлекетінің де, Еділ мен Жайықтың ортасындағы Ноғай Ордасының да, шамамен 1456 жылы құрылған Қазақ хандығының да төл ақшасы - теңге болған. Мұның өзі «Қазақта өркениет болмаған» деген кейбір ғалымдардың пайымдауын жоққа шығарады. Сондықтан ақша көрмесіндегі Ноғай Ордасының астанасы - Сарайшық қаласынан табылған теңге келушілердің назарын бірден өзіне тартты. Аталған аса бағалы жәдігерлікті облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Жәкібаев мұражай директоры Нұржан Төлеповке сыйға тартыпты. Жалпы, осы көрменің ұйымдастырылуына облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің облыстық филиалы мол үлес қосты. Теңгенің орта ғасырдан бастап, бүгінгі күнге дейінгі даму жолынан толыққанды мәліметтер беретін монеталар, қағаз ақшалар және басқалары облыстық мұражай мен осы жоғары оқу орнының доценті Рахметолла Құсайыновтың жеке қорынан алынған. Ұлттық банк филиалы ұсынған тақырыпқа байланысты буклеттер мен кітаптар да осында. Әсіресе, қазір аса сирек кездесетін «Нумизматика (ақша туралы ғылым) мен эпиграфия» атты орыс тіліндегі кітаптың жекелеген томдарын тамашалауға да мүмкіндік бар. Н.Төлеповтің бастамасымен шығарылған төл теңгеміздің халықаралық таңбасы және Ұлттық Банктің, монета сарайы мен банкнот шығару фабрикасының белгілері, әр жылы шыққан ұлттық ақшамыздың кескіндері бейнеленген буклет ерекше тартымды. Басқа да қойылған жәдігерлер келушілер назарын аударады.
Көрменің ашылу рәсімінде БҚАТУ-дың экономика факультетінің деканы Раушан Ғабдуәлиева, ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Борис Ізбасаров, еңбек ардагері, оқытушы Сағындық Бисенов теңгенің тарихы мен бүгінгісіне шолу жасады, еліміздегі ақша қатынастарына қатысты пайымдауларымен бөлісті. Б.Ізбасаров өзара ынтымақты қарым-қатынастары үшін БҚАТУ-дың ректоры Қазыбай Бозымовқа арналған алғысхаты мен ұлттық теңгенің 15 жылдығына орай шығарылған қалың кітапты мұражай директоры Нұржан Төлеповке салтанатты түрде табыс етті.
Көрме жұмысы 21 желтоқсанға дейін жалғаспақ.