Оралда ұлттық теңгенің 20 жылдығы тойланды

Қаржы саласының қызметкерлерін өңір басшысы атынан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов құттықтап, алғысхатпен марапаттады. Оның атап өткеніндей, осыдан 20 жыл бұрын Елбасымыз Н.Назарбаев ұлттық ақша шығарып, айналымға енгізу жөнінде көрегендік шешім қабылдап, елді ықтимал күрделі ахуалдан сақтап қалды. Сонан бері еліміз өтпелі кезеңнің талай қиындығын бастан өткерсе де, теңгенің тұрақтылығы сақталып, экономика қалыпты дамып келеді.
ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалы директорының міндетін уақытша атқарушы Ғалия Сатыбалдина шағын хабарлама жасап, мерекеге орай бір топ қаржыгерді марапаттап, сый-сияпат көрсетті. Мерекелік шарада банк саласы қызметкерлерінің балалары мен немерелерінен құрылған «Банк-шоу» ансамблі өнер көрсетті. Жиналғандарға теңгенің 15 жылдық мерейтойына арналған деректі бейнетаспа көрсетілді. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.