Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері кісі тонаушыны қолға түсірді

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш топ 1 қаңтар күні сағат 20.40 шамасында «Сұңқар» ауданындағы облыстық қан орталығы жанында қатты ұрсысып, төбелеске кіріскен 25-30 жастағы азиат пішіндес ер мен әйелді көреді. Бұлар қоғамдық тәртіпті бұзушыларға ескерту жасаған кезде жеңіл дәрежедегі мас күйінде жүрген әлгілер әскери қызметкерлерді балағаттайды. Осы мезгілде ер адам аузынан ұстараны шығарып, өз мойнын кесіп жібереді. Сол сәтте Ұлттық ұлан жауынгерлері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолданып, тәртіп бұзушыны ұстап, жедел жәрдем шақырады. Алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін ер адам қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің қарауына берілді.
Кейін анықталғанындай, ұсталған адам бұрын сотталған 1986 жылғы Саясат Хаутин болып шықты. 2015 жылғы қарашада түрмеден босатылғанымен, кісі тонағаны үшін іздеуде жүр екен. Қазіргі кезде оны қоғамдық орында мас күйінде жүргені және кісі тонауға қатысты күдікті ретінде қылмыстық іске тарту үшін материал жинақталуда.
Батыл іс-әрекеті және қырағылығы үшін ефрейтор Д.Жақанбай, қатардағы жауынгерлер Н.Төлеубек, Б.Төлегенов ынталандыруға ұсынылды.