Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері пышағы бар мас жігітті ұстады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальонының жауынгерлері Айдар Мырзаханов пен Артур Спин қала көшелерін күзету кезінде қырағылық көрсетті.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, олар «Оскар» түнгі клубы жағынан балағат аралас айқайды естиді. Жауынгерлердің назарын мас жас жігіт аударды. Жауынгерлік топ бастығы Айдар Мырзаханов әлгі азаматтан құжаттарын көрсетуді сұрайды. Бірақ жігіт өзін дөрекі ұстап, қолын қалтасынан шығармай, құжатын көрсетуден бас тартады. Тінту кезінде оның шалбарының сол жақ қалтасынан бүктемелі пышақ табылды. Жігіт ұсталып, Оралдағы Абай полиция бөліміне жеткізілді.
Аталған жауынгерлер үздік қызметі мен қырағылығы үшін әскери бөлім командирі тарапынан ынталандырылды.
Айта кету керек, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлері жыл басынан бері бес-алты рет осындай суық қарумен жүргендерді құрықтады.