16:47, 12 Қазан 2013 | GMT +5
Оралда ұлының бұзақылық әрекеті үшін анасы айыпқа тартылды
ОРАЛ. 12 қазан. ҚазАқпарат - БҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұзақылық әрекетке барған ұлы үшін анасына айыппұл салды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Орал қаласы мектептерінің бірінде орын алған. Оқушы сабақ кезінде сыныптастарымен қатты сөйлесіп, мұғалімнің сөзін тыңдамаған. Оның тәртібі туралы жазып беру үшін күнделігін сұраған кезде де бермеген. Ал мұғалім сырт айналған кезде саусағымен дөрекі қылыққа барған. Оқушы тек екі күннен кейін ғана кешірім сұраған.
Өзін кемітті деп санаған мұғалім оқушыға шара қолдану жөнінде арыз берген. Сот отырысында ол кінәсін толық мойындап, түзелуге уәде берді.
Сот қаулысымен аталған жасөспірім ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 331-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық белгілері бойынша айыпты деп табылды. Оның жасы 16-ға жетпегендіктен, анасына 5 АЕК көлемінде (8655 теңге) айыппұл салынды.