Оралда үшем босанған көпбалалы ана перзентханадан шықты

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласының тұрғыны Айзада Құбашева дүниеге үшемді алып келді.

Оралда үшем босанған көпбалалы ана перзентханадан шықты
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Өзінің айтуынша, үшем 6 наурыз күні сағат 09.50, 09.51, 09.55-те жарық дүниеге көрінген. Салмақтары — 2 020, 2 100 және 2 360 грамм.

— Есімдерін Медина, Раяна, Аяла деп қойдық. Өзім Әлия Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінде мұғалім болып жұмыс істеймін. Отағасымыз Мейрамбек Мағзомов — шағын жеке кәсіпкер. Осыған дейін Мақсат, Ернұр, Жәңгір атты үш ұлымыз бар еді. Үлкені 12-де, ортаншысы 9-да, кішісі 6 жаста. Енді, міне, соған үш қызымыз қосылып, көпбалалы ана атанып отырмын. Өзіміз ата-енемізбен бірге тұрамыз, жеке үйіміз жоқ, - дейді Kazinform тілшісіне берген сұхбатында А.Құбашева.

Орал
Фото: БҚО денсаулық сақтау басқармасынан

Айзаданың сөзіне қарағанда, ол барлық баласын кесар тілігі арқылы босанған. 

— Облыстық перинаталдық орталық ұжымына ризашылығым шексіз. Жоспарлы түрде жүктіліктің 35 аптасында босандырып алды. Альфия Қажымұратқызы, Салтанат Ғалымжанқызы сынды дәрігерлердің біліктілігі арқасында кесар тілігі сәтті өтті. Сондай-ақ қыздарымды күні-түні қараған жансақтау бөлімінің дәрігерлері мен мейірбикелеріне шын жүректен алғысымды айтамын. Міне, бүгін Наурыз мерекесі қарсаңында перзентханадан аман-есен шығып жатқанымызға қуаныштымын. Оның үстіне бүгін — туған күнім, 35 жасқа толып жатырмын, - деді көпбалалы ана.

БҚО денсаулық  сақтау басқармасынан
Фото: БҚО денсаулық сақтау басқармасынан

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, сәбилер екі апта бойы жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімі дәрігерлерінің бақылауында болды. Қазіргі таңда олардың жағдайы қанағаттанарлық.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда үшем дүниеге келгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар