Оралда үздік полиция қызметкерлері аталып өтілді

ОРАЛ. 21 маусым. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы Жеңіс алаңында 21 маусым күні Қазақстан полициясы күніне орай салтанатты шара өткізілді.

Оралда үздік полиция қызметкерлері аталып өтілді

Алаңға еліміздің көк байрағы әкелініп, мемлекеттік Әнұран шырқалды. Осында сап түзеген облыстық ішкі істер департаменті құрылымдары қызметкерлеріне ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұхамбет Қасымовтың құттықтау хаты оқылды.

Салтанатта облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «полиция қоғамдық тәртіпті сақтаудың алдыңғы шебінде келеді» деп ішкі істер органдарының жұмысына жоғары баға берді. Жыл сайын ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға республикалық және жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Соның нәтижесінде облыста азаматтардың құқығын қорғау, қылмыс санын қысқарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Бұдан соң облыс басшысы елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау ісінде жүрген барлық қызметкерлерді және ішкі істер органдары ардагерлерін төл мерекелерімен құттықтап, ерекше көзге түскен қызметкерлерге облыс әкімінің алғысхатын табыс етті.

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатов ҚР ІІМ және облыстық департамент басшысының бұйрығымен бір топ қызметкерлерге кезекті шен және «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медальдар мен Құрмет грамоталарын табыстады. Осы мерекеге орай биыл БҚО бойынша 142 полиция қызметкері ҚР ІІМ-ның, 773 адам облыстық ішкі істер департаментінің марапаттарына ие болды.

Салтанатты шара ішкі істер органдары құрамаларының мерекелік шеруімен аяқталды.