Оралда үздік боксшылар мен бапкерлерге пәтер кілті табыс етілді
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында үздік боксшылар мен бапкерлерге құрмет көрсетілді.

БҚО бокс федерациясының президенті Бауыржан Кәрімовтің мәлім еткеніндей, халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар қандай құрметке де лайық.

Салтанатты жиын барысында белгілі бапкер Қуаныш Уахасов «ҚР боксын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Даниял Сәбит, жастар арасында әлем чемпионы Өнер Сейілхан, оның жеке бапкері Берік Жарылқасын және бокстан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиға пәтер кілті табыс етілді.

Сонымен қатар клуб басшылары мен 35 үздік боксшыға арнайы спорттық киімдер тапсырылды.
Жуырда ғана Нидерландтың Эйндховен қаласында өткен Eindhoven Cup халықаралық турнирінен 50 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанып оралған Даниял Сәбит ризашылығын жеткізді.

- Бізге осылайша қолдау көрсеткен Батыс Қазақстан облыстық бокс федерациясы, «Ақжайық» спорт клубының басшылығына, барлық ағаларға алғысымызды айтамыз. Пәтер – үлкен сыйлық. Батыс Қазақстанда жас боксшыларымыз да табысқа жетіп келеді, - деді Д.Сәбит.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Өнер Сейілханның олимп шыңына көтеріліп, көк туды биікте желбіреткісі келетіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Қазір Өнер Сейілхан оқу-жаттығу жиынында жүр. Оның орнына пәтер кілтін анасы алды.