19:15, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Оралда волейболдан ел біріншілігінің плей-офф сындарына шыққан командалар белгілі болды
ОРАЛ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда наурыздың 10-ында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында кезекті ел біріншілігінің соңғы бесінші турының ойындары аяқталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бес турдың қорытындысы бойынша өткен жылғы ел чемпионы «Алматы» командасы 38 ұпаймен көш басынан көрінсе, «Атырау» 36 ұпаймен екінші орынды еншіледі. «Конденсат» 26 ұпаймен үшінші орынды иеленді. «Казхром» мен «Есіл» командалары 25 ұпайдан жинағанымен, доп айырмасы жөнінен хромтаулықтар алға шықты да, петропавлдықтар соңғы орында қалып, плей-офф сындарына іліге алмады. Әр командадан Антон Юдин («Алматы»), Сергей Смирнов («Атырау»), Николай Романовский («Конденсат»), Константин Тешко («Казхром»), Сергей Кастеев («Есіл») үздік ойыншы атанды.
Енді сәуірдің 3-11-інде Алматыда озық шыққан төрт клуб күш сынасады. Онда «Алматы» мен «Қазхром» (Хромтау), «Атырау» мен «Конденсат» командалары өзара үш ойыннан өткізеді. Қарсыласын кемінде екі рет ұтқан командалар финалда чемпиондық тәж үшін таласатын болса, жеңілгендері қола жүлде үшін айқасады.