14:36, 07 Наурыз 2009 | GMT +5
Оралда волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары бесінші турдың ойындарын өткізуде
ОРАЛ. Наурыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары ХVІІ ел біріншілігі соңғы, бесінші турының ойындарын өткізуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы күннің ойындары аса тартысты өтті. Ел чемпионы «Алматы» Петропавлдың «Есілінен» 3:2 есебімен басым түсті. Ал алаң иелері «Конденсат» өздерінің басты қарсыласы Хромтаудың «Казхромынан» жеңіліп тұрып, ұтып кетті. Төртінші партияда 20:24 есебімен ұтылып жатқан оралдықтар жеңіске деген жігерлерімен танылып, ақыры 32:30 есебімен қарсыластарын тізе бүктірді. Шешуші, бесінші партияда да (15:12) ширақтық көрсеткен оралдықтар қорытындыда 3:2 есебімен басым түсті.
Бүгін «Есіл» - «Казхром», «Атырау» - «Алматы» командалары кездеседі. Сондай-ақ наурыздың 8-інде «Казхром» - «Атырау», «Конденсат» - «Есіл», 9-ында «Алматы» - «Казхром», «Конденсат» - «Атырау», 10-ында «Есіл» - «Атырау», «Конденсат» - «Алматы» өзара күш сынасады.