Оралда волейболдан жоғары лигадағы әйелдер командалары арасында ел чемпионатының кезеңі өтуде

Жоғары лигада көш бастап келе жатқан Өскеменнің «ШығысҚорғасынҚұрылысы» 13 ақпан күні «Спартак АМТ» (Теміртау) командасын 3:0 есебімен ұтса, кеше Павлодардың «Ертіс-Казхром-2» клубын да бет қаратпай жеңді. Олардан турнир кестесінде екінші орында келе жатқан қостанайлықтар да қалысар емес. «Қостанай» «Спартак АМТ», «Қарағанды-2» (Қарағанды) командаларын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Үздік үштікті түйіндеген Оралдың «Грация-Астана KZ» командасы павлодарлықтар мен қарағандылықтарды дәл сондай есеппен жеңді.
15 ақпан күні өскемендіктер мен оралдықтар арасындағы ойын аса тартысты болмақ. Үшінші тур 18 ақпан күні мәреге жетпек.
«Грация-Астана KZ» командасының бас бапкері Көлеңке Ғұбашевтің айтуынша, қазіргі кезде оралдықтар «Астананың» фармклубы ретінде өнер көрсетуде. «Астана» құрамында Орал волейболының үш бірдей түлегі Сана Жарлығасова, Айнагүл Айжарықова, Зарина Ситқазинова ойнайды. Олардың ел намысын қорғап жүргені де белгілі.