Оралда зейнеткерді тонаған күдікті ұсталып, изоляторға қамалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ақша айырбастауға шыққан 77 жастағы кейуананы тонап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 20 ақпан күні түскі мезгілде 77 жастағы зейнеткер әйел сауда үйіндегі ақша айырбастау пунктіне келіп, рубльді айырбастамақшы болған.

«Кейуана күнде жаңартылып тұратын электронды таблоға қарап, ақша курсына үңіледі де, кейін келемін деп шешеді. Оның қимылдарын жіті байқап тұрған ер адам көшеге қайта шыққан зейнеткердің артынан ілесіп отырады. Үйіне дейін жетіп, кіреберіске келе бергенде, басынан ұрып құлатып, қолындағы пакетін тартып алады. Пакет ішінде азық-түлік пен айырбастамақшы болған 200 мың теңге көлеміндегі ақшасы салынған әмияны болған. Орал қаласы полиция басқармасы Абай полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 47 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады. Ер адам ұрланған ақшаны жұмсап үлгерген. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігіне сәйкес (тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адамның мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деп хабарлады департаменттен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жасөспірімдер қылмысы екі есе өскенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар