Оралда жалған дабыл көтеріп, полиция шақыру жиілеп отыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жалған дабыл көтеріп, полиция шақыру жиілеп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлованың айтуынша, жаңа жыл басталғаннан бері осындай екі дерек тіркелген.
5 қаңтар күні сағат 13.02-де бейтаныс әйел кезекші бөлімге телефон шалып, 2006 жылғы ұлының тоналғанын хабарлайды. Оның сөзіне қарағанда, №8 мектеп аялдамасында тұрған ұлына екі бейтаныс жігіт шабуыл жасап, қымбат «Айфон-5С» телефонын тартып әкеткен. Тәртіп сақшылары істің мәнісін тексере келгенде, әйелдің жалған телефон соққаны, ешкімнің тоналмағаны, ұлының телефонды өзі жоғалтып алғаны анықталды.
1983 жылғы әйел «Балам телефонын өзі жоғалтты десем, ізделмей қалады, сосын жалған айттым», деп мойындады. Полиция қызметкерлері әйелдің бұл әрекетіне кешіріммен қарап, қылмыстық іс қозғаған жоқ. Дегенмен оған ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 438-бабы 1-бөлігіне сәйкес 30 АЕК (72150 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Қазір іс тергелуде.
Бұдан оқиғадан кейін көп ұзамай белгісіз ер адам «102» операторына телефон соғып, И.Ларин көшесі бойында тапа-тал түсте бірнеше адамның қарақшылық шабуыл жасап, ірі көлемде ақшасын күшпен тартып алып кеткенін жеткізді. Алайда оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері ішіп алған азаматқа тап болды. Ол кейін мұндай әрекетке арақтың буымен барғандығын айтып, өз кінәсін мойындады. 1977 жылғы ер адам Зеленов ауданы Трекин ауылында тұратын болып шықты, жұмыс жасайды. Оның үстінен ҚР ҚК 419-бабы 2-бөлігіне сәйкес (қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қолынан ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алынды. Енді оған үш мың АЕК көлемінде айыппұл салынуы немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберілуі, сондай-ақ үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.
Айта кетейік, өткен жылы қалада ҚР ҚК 419-бабына сәйкес 10, сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 438-бабына сәйкес 30 дерек тіркелді.