Оралда жаңа емхана салу қажеттігі туындады
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде № 6 емхана тұрғындарды қабылдау үшін жеткіліксіз болып отыр.

Аталмыш емхана директоры Жұмабек Шайхиевтің мәлім еткеніндей, медициналық мекемеге бекітілген тұрғындар саны 80 мыңнан асып кеткен.
Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылы салынған қос қабатты ғимарат күніне 250 адамды ғана қабылдауға есептелген.
— Шын мәнісінде емхана күніне шамамен мың адамға қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда емхана тағы екі ғимаратты жалға алып отыр. Жалға алу ақысын өзіміз төлейміз. Бұл бірнеше жыл бойы жалғасып келеді. Қаржының тапшылығынан қызметкерлерімізге мерекеде сыйақы төлей алмаймыз. Сондықтан Зачаган кентінде жаңа емхана салу қажет. Оған қоса «Ақжайық» шағынауданындағы жаңа үйлерге қоныстанушылар көбейіп отыр. Сондықтан емделушілер саны да өсуде, — деді Ж.Шайхиев.

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Нұркен Молдашевтың нақтылауынша, жаңа емхананың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған.
— Денсаулық сақтау министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Республикалық бюджеттен қолдау тапқаннан кейін 250 келушіге арналған емхананы «Ақжайық» шағынауданында салу көзделіп отыр. Құны — 4,8 млрд теңге. Жобада емхананы медициналық құрал-жабдықтармен қамту да қарастырылған, — деді Н.Молдашев.
Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеров жаңа емхана қажеттігін жеткізді.
— № 6 қалалық емханаға Круглоозерный, Серебряков кенттерінің тұрғындары да қаралады. Сол себепті медициналық мекемеге жүгінушілер саны көбейіп, ғимараттың тарлығы ыңғайсыздық туғызып отыр, — деді А.Әубекеров.
Зачаган кентінің тұрғыны Гүлжан Жұмағалиева емделушілер үшін барлығы бір ғимаратта болғаны ыңғайлы екенін айтады.
— Қазіргі кезде біздер № 6 емхананың өзінде емес, № 20 мектеп ауданында орналасқан № 5 отбасылық денсаулық орталығына барып қаралып жүрміз. Барған кезде дәрігерлер мен медбикелер ауысып жатады. Алдын ала жазылғанмен, кезекке тап боласың. Басқалай қолайсыздықтар да бар. Егер бәрі бір жерде ұйымдастырылып, қызметкерлер тұрақталса, тұрғындар үшін де жақсы болар еді, — деді Г.Жұмағалиева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да денсаулық сақтау саласында 180 маман жетіспейтінін жазған едік.