Оралда жаңа гимназия ашылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Жаңа орда» шағынауданында Хисмет Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясы ашылды.
None
None

Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының ректоры Хайдар Қапановтың айтуынша, мемлекеттік-жеке әріптестікпен қолға алынған жобаның қазіргі кезде бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Мұнда бастапқыда 100 орындық балабақша мен 160 орындық бастауыш мектеп жұмыс жасайды. Жалпы алаңы 5100 шаршы метрден асатын үш қабатты ғимаратта бес балабақша тобы мен бассейн, бастауыш мектеп, асхана, спорт залы орналасқан. Жазғы спорт алаңдары бар, аумақты абаттандыру жұмысы да аяқталып келеді.

Өзге білім ошақтарынан айырмашылығы, гимназиядағы оқу бағдарламалары ұлттық және халықаралық талаптар негізінде жүргізілмек. Шәкірттер қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде оқиды. Жоғары сыныптарда жетекші пәндер шет тілдерінде берілмек. Гимназия Халықаралық бакалавриат ұйымының мүшесі болуды көздейді.

Балабақшада бүлдіршіндер ағылшын және қытай тілдерін оқып, информатика және өнер, шахматты үйреніп, би, жүзу, емдік-сауықтыру шараларымен қамтылады. Бастауыш мектепте қазақ, орыс, ағылшын, қытай (араб) тілдерінде жаттығып, математика, логика, экономика және басқа өнер, спорт түрлерімен айналысады. Кешен директоры - білім беру саласының құрметті қызметкері Баян Досқалиева. Басқа да мамандармен қамтылған.

Жобаның екінші кезеңіне сәйкес 420 оқушылық орынға лайықталған негізгі және орта мектеп (5-11 сыныптар, 7 мыңнан астам шаршы метр) құрылысы биыл басталып, келесі жылы пайдалануға берілмек. Онда балалар жаратылыстану-математика бағытында көп тілде білім алмақ.

Соңғы жаңалықтар