Оралда жаңа іскерлік және әкімшілік орталығын қалыптастыру көзделіп отыр

Қала әкімі Болат Шәкімовтің сөзіне қарағанда, облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес Сырым Датұлы - Қызылжар және Мәскеу - Әбілқайыр хан көшелері шегінде солтүстік ауданды (170 га) нақтылау аяқталып келеді. Осы маң қаланың іскерлік орталығына айналмақ. Онда өткен жылы Салтанат сарайы бой түзесе, қазіргі кезде теннис корты мен 300 төсектік көпбейінді аурухана салынуда. Сондай-ақ онда Қадыр Мырза Әлі атындағы қалалық өнер үйі тұрғызылмақ. Бүгінгі таңда Республика даңғылы мен тағы екі көшені жобалау, жасыл бульвары, флагшток, аркамен көркемделген жаңа алаң, жастар мен оқушылар сарайы, облыстық орталық кітапхана, жабық футбол манежі, облыстық экономикалық сот ғимаратын салу көзделуде.
Жеке инвестициялар есебінен әдемі бизнес нысандары, қызметтік ғимараттар, 10-12 қабаттан кем емес коммерциялық үйлер тұрғызу да жоспарлануда. Онда басқа да шағын және орта бизнес нысандары мен көп қабатты тұрғын үйлер болмақшы.