Оралда жаңа қалалық аурухана пайдалануға берілді

Оның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, өңірде тәуелсіздік жылдары 103 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынса, аталмыш емдеу мекемесі - соның бірі. Оған қоса биылғы жылы төрт медицина мекемесінің ғимараты күрделі жөнделсе, алдағы жылы тағы 15 нысанды қайта жаңарту жоспарланып отыр.
Елбасы тапсырмасына сәйкес қалалық көпбейінді аурухананың іске қосылуы емдеу сапасын жақсарта түсері сөзсіз. Егер 1993 жылы облыстағы денсаулық сақтау бюджеті 24 млн. теңгені құраса, биыл 28 млрд. теңгеге жетті, яғни бұл - қаржы 1020 есе көп бөлініп отыр деген сөз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, аталмыш ғимарат құрылысына барлығы 8,3 млрд. теңге қаралса, соның 3 млрд. теңгесі еуропалық және қазақстандық медициналық құрал-жабдықтарды алуға жұмсалды.
Ауруханада нейро-инсульт орталығы, жалпытерапиялық, травматологиялық, гинекологиялық, әйелдер босанатын және басқа бөлімшелер жұмыс жасамақ.
«Болашақ-Т» ЖШС (директоры Қайдар Қощанов) салған ғимараттың жалпы алаңы - 54 мың шаршы метр. Бір-бірімен жалғасқан бес корпусы бар, барлық заманауи керек-жарақтармен қамтылған ауруханада 140-тан астам дәрігер, 300-дей орта буын маман еңбек етпекші.
Осы күні сондай-ақ 471 млн. теңгеге алынған 60 жаңа автокөлік кілттері табыс етілсе, соның ішінде 21 жедел жәрдем машинасы мен 9 реанимобиль қалалық жедел жәрдем стансасына, 6 реанимобиль қалалық емханаларға, 6 «УАЗ» көлігі аудандарға бөлінді.