Оралда жаңа жыл қарсаңында көңіл көтеру орындарын бақылау күшейтілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жаңа жыл қарсаңында көңіл көтеру орындарын бақылау күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің облыс әкімдігінде өткен коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жедел штаб отырысында мәлім еткеніндей, 25 желтоқсаннан бастап күн сайын 7 мобильді топ кафелер мен мейрамханаларда шектеу шараларының сақталуын қадағалауда.

Оның сөзіне қарағанда, 26-27 желтоқсан күндері көңіл көтеру орындарында түнгі мезгілде көп адамның қатысуымен 6 кештің өткені анықталды. Атап айтқанда, карантиндік талапты бұзып, корпоративтік кеш өткізген «Әл-Фараби», «Элис», «Пинта», «Девичья башня», «Банг» және «Кактус» кафе-мейрамханаларының иелеріне әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шара қабылдау үшін қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілді.

Корпоративтік кештерді анықтау мақсатында мониторингтік топтар осы күндері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Желтоқсан айының басынан бері карантин тәртібін сақтамаудың 57 дерегі анықталса, соның ішінде 13 нысан жұмыс режимін бұзған. 44 бұзушылыққа тұрғындар барған.
Сол секілді автобустарда да осындай жұмыстар жүргізілуде. 1-28 желтоқсан аралығында санитарлық талапты бұзуға қатысты 8 дерек белгілі болды. Қоғамдық көлік салондарын міндетті түрде дезинфекциялау тәртібі енгізілді. Қазіргі кезде соңғы аялдамаларда жүргізушілер мен кондукторлар автобус салонын арнайы химиялық ерітіндімен өңдейді.

Тұрғындарға түнгі сағат 00.00-ден бастап 06.00-ге дейін жеке көліктерімен жүруге шектеу қойылғаны мәлім. Бұл талап 59 мәрте бұзылып, 9 дерек бойынша 375 мың теңге айыппұл салынған. 27 әкімшілік іс жабылса, 23-і бойынша тиісті шара енді қабылданады.

Қыркүйек айынан бері мониторингтік топтардың жұмысы нәтижесінде көңіл көтеру орындарының иелеріне 127 хаттама толтырылып, 9,8 млн теңге айыппұл салынды. Сот шешімімен алты кафе, мейрамхана үш ай мерзімге жабылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырғандардың 88 пайызы жазылып шыққанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар