Оралда жаңбыр кезінде неліктен асфальт төселіп жатыр – әкімдік жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Исатай батыр көшесінде жаңбыр кезінде асфальт төселіп жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

Оралда жаңбыр кезінде неліктен асфальт төселіп жатыр – әкімдік жауап берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Қала тұрғынының айтуынша, қысқа салым, жауын-шашыннан кейін, ауа райының қолайсыз кезінде асфальт төсеу қаншалықты дұрыс. 

- Жаз бойы неге істелмеген? Дер кезінде жұмыс жасалмағандықтан, жол сапасыз. Шұңқырлар пайда болады, - дейді тұрғын. 

Әлеуметтік желі арқылы таралған тағы бір бейнежазбада аталған жұмыстың жаңбыр жауып тұрған көз байланған мезгілде жасалып жатқаны түсірілген. 

Осыған орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді. 

Әкімдік мәліметіне қарағанда, Исатай батыр көшесінде мердігер «Жайық Сити» ЖШС тарапынан асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, бұл уақытта атмосфералық жауын-шашын болған жоқ. Асфальтбетон қоспасын төсеу алдында жол негізіне битум эмульсиясы жағылды.

Нысанда мердігер ұйымның өкілдері мен техникалық қадағалау мамандары болды. Жауапты мамандардың бағалауынша, ауа райы жағдайы асфальт төсеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берген.

Жұмыстардың технологиялық талаптарға сәйкестігі мен орындалу сапасы техникалық қадағалау тарапынан бақылауда.

Сонымен қатар № 8 орта мектеп ауданында Жезқазған көшесінің тұрғындары мидай батпақтың салдарынан қатынастың қиындағанын айтып шағымданды. Олар Жезқазған көшесіндегі №24, 26 және 28 үйлер маңында жол жабынын жөндеу мәселесі шешілмей келе жатқанын жеткізді.

Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес мұндағы жөндеуді қажет ететін жол учаскесінің ұзындығы – шамамен 130–150 метр. Жұмыс көлемінің аздығына байланысты аталған учаскеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеген.

- Дегенмен, аталған аумақтағы жол жабынының жағдайын жақсарту мәселесі назарға алынған. Келесі жылы Орал-Желаев тасжолын орташа жөндеу жұмыстары жалғасқан кезде жолды фрезерлеу барысында алынған материалды осы учаскеге төсеу жоспарлануда. Бұл жұмыстар жолдың жағдайын жақсартуға, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасауға және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, - делінген әкімдік жауабында. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындар үйлерге жылудың берілмей отырғанын айтып шағымданғанын жазған едік.