Оралда «Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасы талқыланды

Демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқан еліміз үшін бұл заң - мемлекеттік органдар, өзін-өзі басқару органдары, аумақтық органдар, мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына бағынысты ұйымдар, жеке және заңды тұлғалар арасында ақпарат алу мен тарату саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін басты құрал болып табылатыны сөзсіз. Сондықтан да оны талқылауға байланысты бұған дейін өзге өңірлерде өткізілген басқосулар қызу өткен, талай жанды пікірлер айтылған. Мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам өкілдері заң жобасына үлкен қызығушылық танытып, күн тәртібінде тұрған маңызды мәселеге барынша атсалысқан.
«Нұр Отан» ХДП парламентаризм институты директорының бірінші орынбасары, БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасының сарапшысы Жанаргүл Құсыманғалиева өз сөзінде «Оралда өтіп отырған бұл талқылау Қазақстанның өзге аймақтарында өткен заң жобасын талқылауға байланысты өткен жиындардың қорытындысы, яғни ең соңғысы», деді. Олардың бәрінде де талқылауға ұсынылған заң жобасының өмірімізге қажеттігі, маңыздылығы баса айтылды. Аталмыш заңның, әсіресе, жеке секторларға жататын монополиялық құрылымдардың ақпараттарына қолжетімділікті барынша кеңейту жөніндегі заңнамалық талаптары өмірдің өзінен туындап отыр. Бұл ақпараттарға қол жеткізуді біртіндеп жетілдіре түсуге мүмкіндік беретін маңызды тетік болмақ. Талқылауға қатысқандардың басым бөлігі заң жобасындағы ақпаратты қалайда бермеуге тырысатындар үшін «жалтарып кетуге» мүмкіндік беретін солқылдақ тұстарды әлде де нақтылай түсуді сөз етті. Мұндай ұсыныстар, яғни заң жобасын әзірлегенде кеткен кейбір жалпылама ұғымдарды жою жөніндегі пікірлер негізгі құжатты қабылдарда назарға алынады.
«Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасын талқылауға арналған отырыста айтылған әр алуан пікірлер, ұсыныстар әлі де сарапталып, заң жобасының мәтіні нақтыланып, алдағы қыркүйек айында өтетін қорытынды конференцияда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, бұқараның назарына ұсынылады.