Оралда жас кәсіпкерлер оқытылды

Соның бір көрінісіндей 2 қазан күні БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, «Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанда өз кәсібіңді ашу жолдары» тақырыбында өткен оқыту семинар-тренингі өз жұмысын аяқтады.
Жастар үшін өмірлік маңызы зор шараның ашылуында сөз алған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов пен БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Серік Молдағалиев қарыштап дамып келе жатқан ел экономикасын өркендету мен еңбек өнімділігін арттыруда жастар кәсіпкерлігін, оның ішінде инновациялық бағытты дамытуға айрықша мән беру керектігін алға тартып, бүгінгі жастардың бастамашылдығына, өзгелермен тәжірибе алмасып, кәсібін одан әрі жалғастыруда үнемі белсенділік танытып жүретіндіктеріне ризашылық сезімдерін жеткізді.
Үш күнге созылған семинар-тренинг барысында "Jety Kazyna Group" ЖШС бас директоры Мәлік Мұсабеков шараға қатысушыларға нақты мысалдар мен деректерге негізделген дәріс сабақтарын жүргізді.
«Елімізде мемлекет тарапынан экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты - кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіліп отырғаны мәлім. Облысымыздағы жастар қоғамдық бірлестіктері мүшелерінің, «Қазақстан студенттер альянсының» көшбасшыларының, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студент-жастарының, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің басын қосқан бүгінгі шараның мақсаты өңірдегі жастар саясатын жүзеге асыруға үн қосу, жастарды кәсіпкерлікке баулу және сауаттылығын арттыру болып табылады», - деді «Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Өкшебаев.
Шара соңында қатысушыларға семинар-тренингті сәтті аяқтағаны үшін сертификаттар табыс етілді.