Оралда «Жасампаз жиырма жыл» байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды
Аталмыш байқауды мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеріп, олардың еңбектегі табыстарын ел-жұртқа кеңінен таныстыру мақсатында БҚО мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы (төрағасы Төлеген Мерғалиев) «Жайық Пресс» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырған болатын. Байқау барысында жергілікті баспасөз беттерінде мемлекеттік қызметшілер туралы түрлі мақала-суреттемелер жарияланды.
Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша бірнеше мақаласы жарық көрген Орал қалалық «Жайық үні» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мира Шүйіншәлиева жеңімпаз атанса, облыстық «Орал өңірі» газетінің белді журналистері Қазыбек Қабжанов пен Тоқтар Кенжеғалиев екінші, үшінші орындарды еншіледі. Ақжайық ауданынан штаттан тыс автор, белгілі айтыс ақыны Сағынтай Бисенғалиев, «Приуралье» газетінің тілшісі Наталья Портнягина ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.