Оралда «жасылелдіктер» 125 шырша көшетін отырғызды

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабының жетекшісі Рахат Хамидуллиннің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы елді мекендерді жасылдандыру жөнінен алдыңғы қатарда деуге болады. Биыл елімізде «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 18 мыңдай жас тартылса, соның ішінде БҚО-да 1200-дей адам қала мен ауылдарды жасылдандыру мен абаттандыру бағытында жұмыс жасады. Сондай-ақ «жасылелдіктердің» бір бөлігі «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес қолға алынған құрылыс пен жөндеу жұмыстарына да қатысты.
Ақ Жайық өңіріне келген меймандарды Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, «жасылелдіктердің» кең байтақ елімізде жасыл желек егу, экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы еңбектері мол екендіктерін атап көрсетті.
«Жасылелдіктер» де өздерін жылы қарсы алғаны үшін оралдықтарға шынайы алғысын білдірді. Биылғы еңбек маусымы аясында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 мың түп ағаш» шарасы өтіп, ол 125 шыршамен бүгін Орал қаласында түйінделді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Аян Сакошевтің сөзіне қарағанда, жастар бұдан былай да өңірдегі жасылдандыру сынды үлгілі істерге атсалыса беретін болады. Мысалы, Оралда «Жасыл қала» атты қаланы 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы қабылданса, оған жастар осылайша үлес қоса алады. Биыл облыста 60 мыңдай ағаш отырғызылса, оған «Жасыл ел» жасақтары да белсене атсалысты.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық еңбек маусымының жабылу салтанатына қазірдің өзінде 140-тай адам келді. Олар бірнеше күн бойы бас қосып, «Жасыл ел» мәселелерін бірлесіп талқылайтын болады.