Оралда Жайық өзенінен өтетін көпір көлік қозғалысы үшін ашылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында халықаралық маңызы бар Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы жолының 254-262 шақырымында орналасқан Жайық өзенінен өтетін көпір орташа жөндеуден өтті.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның мәлім еткеніндей, бүгіннен бастап көпір көлік қозғалысы үшін ашылды. Оның сөзіне қарағанда, деформацияланған жіктер ауыстырылып, жол жабыны жаңартылды.
– Жоба құны – 1,2 млрд теңге. Қазіргі таңда көпірде қосымша жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, жол белгілері орнатылып, жиектер абаттандырылуда, - деді А.Мардан.
Аталмыш көпірді жөндеу жұмыстары 17 тамызда басталып, бастапқыда 1 тамызға дейін жабу көзделген еді. Кейін ол 5 тамызға дейін ұзартылды. Осыған дейін көліктер Меловые горки (Бортау) жағындағы айналма жол арқылы қатынап келді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Жайық өзеніндегі көпір екі аптаға жабылатынын жазған едік.