Оралда «Жайық - достық өзені» экспедициясы мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Орал қаласында ХІХ қазақстандық-ресейлік тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық "Жайық - достық өзені" экспедициясы мәреге жетті.
None
None

Экспедицияны салтанатпен қарсы алуға БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған өңір жұртшылығы қатысты. Жайық өзені жағасындағы Жеңіс алаңында Батыс Қазақстан және Орынбор облыстары өнер ұжымдарының қатысуымен этномәдени бірлестіктер фестивалі өткізілді.

Биыл он тоғызыншы рет ұйымдастырылған аталмыш жорық ҚХА жылы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Құрамында көршілес Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстары мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері, Мәжіліс депутаттары мен Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, ғалым-жазушылар мен журналистер, барлығы 70-тей адам бар экспедиция бұдан бірнеше күн бұрын Бөрлі ауданының Приурал ауылынан жолға шыққан болатын. Олар бес күн бойы қайықпен Жайық өзені бойымен 100 шақырым жерді жүзіп өтті. Жолшыбай елді мекендер тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, Елбасы белгілеген «100 нақты қадам» ұлт жоспары насихатталып, екі ел арасындағы мәдени және басқа байланыстарды нығайта түсу сөз болды. Жайық өзенінің экологиялық жай-күйін нақтылау мақсатында зерттеу жұмыстары жалғасын тапты.

Айта кетейік, соңғы 14 жыл бойы экспедиция жұмысы Орынбор облысымен бірлесе ұйымдастырылып келеді. Бұл түсінікті де. Өйткені Жайық өзенінің хал-ахуалы екі өңірге де ортақ. Мақсат қос аймақтың тату көршілік ынтымақтастығы мен әлеуетін тиімді пайдалана отырып, Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің назарын Жайық өзенінің экожүйесін жақсартуға аудару болып табылады.

Экспедиция жетекшісі, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенконың сөзіне қарағанда, Жайық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында келісімге қол қойылар күн де алыс емес. Аталмыш құжат күшіне енсе, қазақстандық-ресейлік тұрақты әрекет етуші комиссия құрылып, аталмыш өзенді ерекше қорғалатын табиғат аумағына жатқызу бағытында кешенді жұмыс жасайтын болады. Қазіргі таңда келісім жобасын РФ үкіметі мақұлдады. Енді бұл құжатты Қазақстан жағы қарау үстінде.

БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Жайық өзенінің экологиясына қатысты бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Мәселен, өзен суының деңгейін көтеру жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалды. Бұл өзеннің табанын тазалау, бекіту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермекші. Жалпы, мамандардың пікіріне қарағанда, аталмыш іс-шараларды Жайық өзенінің Ресей аумағында бастау алатын тұсынан бастап жүргізген дұрыс. Егер тұрақты комиссия құрылса, ол бұл жұмыстардың сапалы жүргізілуіне оң ықпалын тигізері сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар