Оралда Жайықтың су қорын молайту мен бекіре тұқымдас балықтарды өсіру мәселелеріне арналған халықаралық жиын болды

оған қазақстандық және ресейлік ғалымдар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы кезде Жайық өзенінің суы күрт азаюы өз алдына, бекіре тұқымдас балықтардың құрып кету қаупі төніп тұр. Әсіресе, браконьерлердің кесірінен уылдырығына бола аналық балықтар құрып барады. Бұдан туатын қорытынды - Жайықтың Орынбордан бері қарай келетін суының көлемін көбейту жөнінде Ресей жағымен түпкілікті келісу, 15-20 миллиондай шабақ өсіретін арнайы зауыт салып, оның «өнімін» суға жіберіп отыру, балықты браконьерлерден қорғау. Бұған дейін шабақ өсіретін екі зауыт Атырауда салынған болатын. Осы жайттар төңірегінде ғалымдармен бірге облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов, сенатор Ерболат Мұқаев, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко да ой бөлісті.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да балық мамандарын даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынған болатын. Енді осы салаға маманданған Астрахан мемлекеттік техникалық университетімен тығыз байланыс орнамақ. Мысалы, әдістемелік, басқа да көмек өз алдына, аталмыш оқу орнында батысқазақстандықтар магистратурада білімін жетілдіре алады. Бұл жөнінде университет ректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Юрий Пименов мәлім етті.
Өңірде балық шаруашылығын дамыту жайы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Юрий Пименовтің кездесуінде де кеңінен сөз болды.